Семей қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында Азия клубтық чемпионаты мәреге жетті.

Жарыстың соңғы күнінде өскемендік «Алтай» мен солтүстікқазақстандық «Қуаныш» командалары финалда алтын жүлдені сарапқа салды. Қазақстаннан осы кезге дейін «Рахат» және «Алтай» командалары Азия клубтық чемпионатында үздік шыққан еді.

Оның үстіне, сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын өскемендік клуб биыл алты дүркін ел чемпионы атанған. Ал, Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, тағы бір сербиялық маман Дарко Добресков баптайтын «Қуаныштың» мұндай деңгейдегі додаға тұңғыш қатысуы.

Осы Азия клубтық чемпионаты барысында «Алтай» бірінші ойында «Қуаныштан» 3:1 есебімен басым түскен-ді. Солтүстікқазақстандықтар қалған кездесулерін сәтті өткізіп, финалға жолдама алған болатын. Соңғы бәсекеде нағыз финалға тән ойын болды.

Алдыңғы екі партияны 26:24, 25:21 есебімен «Алтай» ұтты. Енді бір сетті алса, жететін еді. Алайда, аса тартысты өрбіген үшінші партия 30:28 есебімен «Қуаныштың» еншісінде кетті.

Сосын олар 25:23 есебімен тағы бір сетті алды. Бесінші, шешуші партияда «Қуанышты» тежеу тіпті мүмкін болмады – 15:6.

Осылайша, екі сағаттан астам уақытқа созылған матчта 3:2 есебімен жеңіске жеткен солтүстікқазақстандық клуб өз тарихында алғаш рет Азия чемпионы атанды. Енді Д. Добресковтың шәкірттері әлем клубтық біріншілігіне қатысады. Таиландтан келген «Diamond Food-Fine Chef Sport Club» командасы қола жүлдеге ие болды.