2022 жылғы әлем чемпионатына Африка құрлығы бойынша іріктеу турнирі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz.

Үшінші, шешуші кезеңге он құрама шыққан. Оның бесеуі әлем чемпионатына барады.

Гана әлем чемпионатына жолдама алған алғашқы африкалық құрама болды. Гана Нигериямен әлем чемпионатының жолдамасын сарапқа салған. Ганада өткен алғашқы кездесуде қарсыластар 0:0 есебімен тең түсті. Екінші ойында есеп 1:1 болды, бірақ сырт алаңда соғылған голдың арқасында Гана құрамасы Катарға баратын жолдамаға ие болды.

Ал Сенегал мен Египет құрамасы жеңімпазды пенальти сериясында анықтады. Екі команда да өз алаңында 1:0 есебімен жеңіске жетті. Сенегал жеріндегі екінші ойынның соңындағы пенальти сериясында алаң иелері 3:1 есебімен жеңіске жетті. Айта кетерлігі, Египет құрамасының басты жұлдызы Мохаммед Салах пенальти сериясында мүлт кетті.