Қазақстандық конькиші, 2013 жылғы әлем чемпионы Денис Кузин Бейжің Олимпиадасында 1000 метрге жүгіруден сынға түсіп, жүлдеге іліге алмады. Жарыстан кейін Кузин карьерасын аяқтайтынын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Айтарға ешқандай сөзім жоқ. Тек Қазақстан халқынан, достарымнан, таныстарымнан, бүгін маған жанкүйер болып, қолдау білдергендерден кешірім сұрағым келеді. Шынымды айтсам, бүгінгі жарыста не болғанын, неге мұндай нәтиже көрсеткенімді білмеймін. Ешқандай сылтау айта алмаймын. Тек өте нашар өнер көрсеткенімді білемін. Әсіресе, карьерамдағы ең соңғы жарыста. Негізі, карьерамды спринтерлік көпсайыстан әлем чемпионатынан кейін аяқтаймын деген жоспарым болып еді. Бірақ бүгінгі жарысқа қарасақ, бұл соңғы стартым болды.

Енді не боларын айту қиын. Карьерамды аяқтап, болашаққа қарау керек. Қорқынышты. Спортқа 23 жылымды бердім, қолымнан келері аз. Алдағы уақытта не боларын көре жатармыз», - деді Кузин Олимпиададағы жарыстан кейін.

Айта кетелік, Кузин Бейжіңде өзінің төртінші Олимпиадасына қатысқан болатын.

Фото: Владислав Семенов, Қазақстан ҰОК