Дүниежүзілік Таеквондо Федерациясы (World Taekwondo) 2022 жылғы WT таеквондодан Әлем чемпионаты өтетін жерін жариялады. Бүкіләлемдік біріншілігі қараша айында Мексиканың Канкун қаласында өтетін болады.

Әлем чемпионаты 2021 жылы кейінге шегерілгеннен кейін биылғы жылдың сәуір айында Усиде (Қытай) өтуі керек еді. Алайда елдегі COVID-19 пандемиясының созылуына байланысты қала билігі бұл спорттық шараны өткізуден бас тартты.

Турнирді ұйымдастыруға үш қала үміткер болды: Баку (Әзербайжан), Бейрут (Ливан) және Канкун. Нәтижесінде мексикалық тарап 52% дауыс жинап, үміткерлерді басып озды.

Бұрын жоспарланғандай, 2022 жылғы таеквондо-пумсе бойынша Әлем чемпионаты 21-24 сәуір аралығында Оңтүстік Кореяның Коян қаласында өтеді.

Сондай-ақ, Дүниежүзілік Федерация кадеттер арасындағы Әлем чемпионаты 2023 жылы Сараево қаласында (Босния және Герцеговина) өтетінін хабарлады.

Фото: worldtaekwondo.org