Бүгін Қазақстан құрамасы Нидерландыда өтіп жатқан Еуропа чемпионатындағы екінші кезедсуін өткізеді. Алғашқы қарсыласымыз - Финляндия құрамасы.

Белгілі футбол функционері, «Актюбрентген» футзал клубының негізін қалаушы Николай Иванов Prosports.kz сайтына Кака шәкірттерінің құрлықтық біріншіліктегі болашағы, сондай-ақ Финляндияға қарсы матч пікірін айтты.

- Чемпионаттағы алғашқы матч команданың әзірге толық дайын емес екенін көрсетті. Бірақ турнир әлі ұзақ және топтан шығуға мүмкіндік мол. Қарсыластар біздің команданың ойын стиліне және кейбір тактикалық құрылымдарына бейімделіп үлгерді. Словенияға қарсы матчта стандарттан және алысқа шығарылған пастардан кейін гол соқтық. Дуглас керемет гол соқты, бірақ бұл комбинациялық әрекеттердің нәтижесі емес. Ал турнир жоспарына келетін болсақ, қазір белгісіздеу болып тұр. Дегенмен Финляндия мен Италияның тең түскені бізге пайдалы болуы мүмкін. Екінші жағынан, алаңдататыны да рас. Финдерден не күтуге болады? Алдағы матчта тек жеңіске жетуіміз керек.

– Қазақстан құрамасы шеберлік деңгейі тұрғысынан финдерге қарағанда басым ба?

- Біздің командада бірнеше бразилиялықтар бар, сол үшін шеберлігіміз жоғары деуге болады. Бірақ мұны әлі де дәлелдеп, көрсету керек. Мәселе мынада, Ақбалықов бірінші кездесуде қызыл қағаз алып, енді алдағы матчқа қатыса алмайды. Тайнан мен Оразовтың сары қағазы бар, сондықтан тағы бір «сары қағаз» алған жағдайда олар Италияға қарсы ойынға қатыса алмайды. Словениямен кездесуде Игита да сенімсіз ойнады. Бірақ біздің жігіттер турнирде тек қана жеңіске жетеді деп сенейік.

- Ойыншыларымыздың қайсысы команданы қажет кезде тығырықтан алып шығады деп ойлайсыз?

- Команданың қазір көрсетіп жатқан ойынына қарап, мен шетелдік ойыншылардың арасынан матчты өз қолына ала алады деп екеуін атай аламын, олар Дуглас пен Тайнан. Ал қазақстандықтарға келсек, Оразов осы міндетті арқалай алады. Есенамановқа да үлкен үміт артамын, бірақ ол әзірге өз деңгейінде емес секілді. Тұрсағұлов өзін қалай көрсете алатыны әзірге белгісіз. Кнаубтың қандай күйде екені және ойынға қатыса ала ма, жоқ па ол да белгісіз.

- Эдсон туралы не айтасыз?

– Ол жақсы ойыншы, бірақ көшбасшы емес. Неге екені белгісіз, Эдсоннан көшбасшылық қасиет көре алмадым. Мүмкін мен қателескен шығармын, бір күні ол өзін көрсететін шығар. Дуглас пен Тайнанеың беделі оның мысын басып тұруы да мүмкін.