Аустралия ашық чемпионатында ерлер арасында қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 35-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 141-орында тұрған америкалық Эрнесто Эскобедомен шеберлік байқасады.

Бір қызығы, Э.Эскобедоны іріктеу сайыстарының финалында қазақстандық, әлемнің 180-ракеткасы Михаил Кукушкин жеңген болатын.

М.Кукушкин негізгі турнирде әлемнің 41-ракеткасы, тағы бір америкалық Томми Полмен кездеседі.

«Үлкен дулыға» турнирінде алғаш рет өнер көрсететін, рейтингте 255-сатыдағы Тимофей Скатов өзі сияқты іріктеу сайыстарынан негізгі додаға қосылған әлемнің 117-ракеткасы, словакиялық Норберт Гомбошпен сынға түседі.

Тағы екі қазақстандық Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында чемпионатқа қатысады.

Аустралия ашық біріншілігі 17 қаңтарда басталады.