Қазақстандық жеңіл салмақ дәрежесіндегі боксшы Виктор Коточигов (12-2, 5 КО) Англияда өткен жаттығу жиыны кезінде жайсыз оқиғаға ұрынғаны туралы баяндап берді.

«Англиядағы жиын мен үшін аздап сәтсіз өтті. Мен Англияға 11 желтоқсанда жоспарланған жекпе-жекке қатысу үшін үшып келдім. Бөлме жалдап, жаттығуға кірістім. Төрт күн өтті. Түнде ұйықтап жатқанда есіктің ар жағынан дыбыс шықты, әлдебіреу құлыпты ашпаққа әрекеттеніп жатыр. Тез тұрып, қорғануым үшін пышақ іздесем, ас ішетін бөлмеде қасық пен шаңышқыдан басқа ештеңе жоқ. Есік ашылып, ішке бастарына капюшон киіп алған адамдар кіріп келді. Олармен қарсыласпақ болғанымда, үстіме қышқылға ұқсас әлденені құйып жіберді. Қатты ауырсындым, ал олар іздерін суытты. Бірінші кезекте жаттықтырушыға телефон соқтым. Ол мені ауруханаға апарды.

Денемді күйік шалып, бірнеше күнді ауруханада өткіздім. Мен ешкіммен жанжалдасқан жоқпын – бұл кімге тиімді болғанын білмеймін. Түйгенім – жаттығу жиынына тек тексерілген жерлерге бару керек», - деп жазды Коточигов Instagram-дағы парақшасында.