Спорттық гимнастикадан Қазақстан командасы Жапонияның Китакюсю қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында жарыс жолына шығады деп хабарлайды Olympic.kz.

Әлем біріншілігіне Қазақстан командасынан бес спортшы қатысады. Жекелеген снарядтарда әр командадан үш гимнастан бақ сынауға мүмкіндік беріледі. Еркін жаттығуда Милад Карими, Ілияс Азизов, Фарух Набиев сынға түседі.

Гимнастикалық ат снарядында Нариман Курбанов, Ілияс Азизов пен Милад Каримиге сенім артамыз. Шығыршық пен қол тіреп секіруден Карими және Набиев бақ сынайды. Қоссырықтағы жаттығуға Карими мен Набиевтен бөлек, Ильфрат Имарджанов қатысады.

Ал гимнастикалық кермедегі жаттығуда Карими, Набиев және Азизов ел намысын қорғайды.

Айта кетелік, көпсайыста әлем чемпионатының финалына 24 спортшы шығады. Ал жекелеген снарядтар бойынша ақтық сынға 8 спортшы жолдама алады.