Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (10-0, 6 КО) мексикалық Хайме Мунгиямен (37-0, 30 КО) жұдырықтасқысы келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Мен WBO рейтингінде екінші орындамын. Мунгия тізімнің басында. Жұдырықтасайық! Бірақ ол менімен жекпе-жек өткізуден бас тартатынын білемін. Өйткені олар оны нокаутқа жіберетінімді біледі. Қашан? Қайда?» - деп жазды Әлімханұлы Twitter-де промоутер Боб Арум мен WBO президенті Пако Валкарчелдің аккаунттарын белгілеп.

Естеріңізге сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет маусым айында жекпе -жек өткізіп, сегізінші раундта ол орта салмақта WBA-дың бұрынғы чемпионы, америкалық Роб Брунтты (26-3, 18 КО) жеңді.