Токио Олимпиадасында күтпеген нәтиже көп тіркеліп жатқаны белгілі. Бірақ соның ішінде екі алтынның орны ерекше.

Ауыр атлетикадан 55 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Хидилин Диас Олимпиада чемпионы атанып, Филиппин елінің тарихындағы тұңғыш алтынға қол жеткізді. Бұған қоса ол 224 кг (жұлқа көтеруде 97 кг + серпе көтеруде 127 кг) бағындырып, Олимпиада рекордын жаңартты.

Жалпы, Филиппин елінің спортшылары қатысқан Олимпиадада 10 жүлде алған. Оның 3 күміс болса, қалған 7 қола. Ал Хидилин Диас ел тарихында алғаш рет алтыннан алқа тағынды.

Зілтеміршінің Олимпиада алтынына жетуінің өзі бір тарих. Әлемдегі коронавирус ахуалына байланысты ол Малайзия елінде қалып кеткен. Сондықтан үйде жаттығуға мәжбүр болған. Әлеуметтік желіде су толы бөтелкемен дайындалған сәтінен видео да жариялаған.