Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені дзюдошы Елдос Сметов салды. 60 келі салмақта ол қола медаль иегері атанды. Жарыстан соң Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Prosports.kz тілшісіне сұхбат берді.

- Өте қуаныштымын. Дегенмен бұл Олимпиадаға алтын үшін келген едім. Қолымнан келгеннің бәрін істедім. Бірақ бұйырғаны қола болды. Бұған да қуаныштымын. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Барымды салдым. Әттеген-ай дейтінім жоқ. Осы күнге дейін не үйрендім, қандай тәжірибе жинадым - бүгін бәрін салдым.

- Жартылай финалда Такатоға қарсы белдестің. Жеңу үшін не жетпеді?

- Не жетпегенін білмеймін. Жеңу үшін барымды салдым, шыны керек. Өздеріңіз көргендей, бір-бірімізге көп шабуыл жасадық. Сол шабуыл жасаған соң құладым. Бірақ оған өкінбеймін.

Екеуіміз бір-бірімізді білеміз. Ол бұл жекпе-жекке финал деп шықты. Оның әр жекпе-жегіне қандай күймен шыққанын бақылап отырдым. Екеуіміз де барымызды салым күрестік. Ол өз елінде, өз жерінде күресті ғой не дегенмен.

- Олимиаданың бір жылға шегерілгені қалай әсер етті?

- Пандемия кері әсерін тигізбесе, жақсылығын тигізген жоқ. Біраз жаттығуымызды үзілді. 2020 жылдың басында нағыз бабыма келіп, өзімді жақсы сезініп жүрдім. Пандемия басталған соң 8-9 ай жаттығудан қол үзіп қалдық. Жаттығу жасамасақ салмақ қосылады. Өз қиындығы болды. Бірақ бәрін жеңіп шықтық. Бұл күн де туды. Бұл күн біз үшін тарих болып қалады.