Федерер, Серена мен Надаль Токиоға бармады. Неге әлемнің мықты теннисшілері төртжылдықтың басты додасына барудан бас тартты? Токиоға келмеген теннисшілердің саны Рио Олимпиадасымен салыстырғанда бірнеше есе көп.

Теннис жанкүйерлері Олимпиадада Роджер Федерер, Рафаэль Надаль, Серена Уильямс, Виктория Азаренко секілді мықты ойыншылардың өнерін тамашалай алмайды. Теннисшілердің Олимпиадаға қатыспауына бірнеше себеп бар. Оған теннис маусымының күнтізбесі өзге спортқа ұқсамайтынын айта кету керек. Әр апта сайын, жыл он екі ай бойы түрлі жарыстар өтеді. Оған қоса, төрт жылда бір келетін Олимпиада мүлдем күнтізбеге сай келмейді.

Көп теннисшілер Олимпиада келместен бұрын ұзақ уақыт дайындалып, басқа жарыстарға қатысудан бас тартты. Осылайша, олар әлем рейтингіндегі ұпайдан қағылады. Бұған қаржылай сыйақыларды қоса кеткен жоқ.

Жарыстардың жиі өтуі, күнтізбенің тығыз болуы теннисшілердің көп жарақат алуына әкеп соғады. Мысалы, Италия құрамасының көшбасшысы Маттео Берреттини соңғы сәтте Олимпиадаға бармайтынын мәлімдеді. Ол Уимблдон жарысының жартылай финалында жарақат алып, дәрігерлердің кеңесімен уақытша кортқа шықпайтын болды. Жарақатының салдарынан Токиоға Стэн Вавринка, Хуан-Мартин дель Потро, Симона Халеп, Борна Чорич келе алмады.