Татами шеберлері Алматы қаласында Токио Олимпиадасына соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Ұлттық құрама мүшесі, Олимпиада ойындарында 66 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Ерлан Серікжанов дайындық барысын Olympic.kz сайтына бөлісті.

"Токио Олимпиадасына дайындық жұмыстары қарқынды түрде жалғасып жатыр. Біздің дайындық кезең бірнеше этаптан тұрды. Физикалық дағдымызды шыңдау мақсатында осыған дейін Алматы облысында орналасқан "Ақбұлақ" Олимпиадалық орталығында тауда жаттықтық. Одан кейін Ақмола облысында орналасқан "Жақсы" спорттық базасында күрес әдістерін шыңдап, бүгінде Алматыдағы "Дзюдо академиясында" жаттығуымызды жалғастырудамыз.

Олимпиада ойындарына жолдама алған спортшылардың ешқайсысы осал емес. Әлем бойынша мықты 18 спортшы іріктеліп, Токио татамиінде белдесеміз. Басты қарсыластарым, өздеріңіз білетіндей, жапониялық Абэ Хифуми, грузин балуаны Важа Марвгелашвили, кореялық Ан Баулды айта аламын.

Бұл - менің алғашқы Олимпиадам. Олимпиада ойындарына жолдама алғаныма қуаныштымын. Бар күш-жігерімізді салып, еліміздің намысын абыроймен қорғаймыз деп ойлаймын", - дейді дзюдошы Ерлан Серікжанов.

Айта кетерлігі, Олимпиада ойындарында дзюдо бойынша бәсеке 24-31 тамыз аралығында өтеді. Қазақстан құрамасынан Токио Олимпиадасына алты дзюдошы қатысады.