3 шілде күні Баку мен Римде Еуропа чемпионаты ширек финалының соңғы екі ойыны өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Әзірбайжан астанасында Дания мен Чехия құрамалары кездеседі. Өткен кезеңде Скандинавия түбегінің өкілдері Уэльс құрамасын 4:0 есебімен тас-талқан етті. Ал чехтар турнир фавориттерінің қатарына жатқызылған Нидерланды құрамасын (2:0) жарыс жолынан шығарды.

Чехия - Дания матчы елорда уақытымен 22:00-де басталады. Qazaqstan және Qazsport телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Матчты мына екі СІЛТЕМЕ, СІЛТЕМЕ арқылы тамашалауға болады.

Рим қаласында Англия - Украина ойыны өтеді. Британдықтар жұптың айқын фавориті. Гарет Саутгейт командасы 1/8 финалда азулы немістерді ұтты (2:0). Турнир барысында өз қақпасына бір гол да өткізбеген жалғыз құрама.

Дүбірлі додада сәттілікті серік қылған жалғыз команда болса, ол - Украина. Андрей Шевченконың қол астында шеберлік шыңдап жүрген жігіттер топтан үш ұпаймен шықты. Көрші топта Швеция Польшаны ұтып, плей-оффқа жолдаманы поляктарға емес, украиндарға сыйлады. Ал 1/8 финалда Украина сол шведтердің өзің 2:1 есебімен ұтып кетті. Тарихында тұңғыш рет аламан жарыстың ширек финалына жетті. Бірақ турнир барысында қаншалық жолы болғыш команда екенін сезген украин футболшылары ағылшындармен соңына дейін арпалысатыны сөзсіз.

Қос құрама арасындағы матч шілденің 3-нен 4-іне қараған түні сағат 01:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan және Qazsport телеарналары көрсетеді.