Бразилия құрамасы Америка Кубогына қатысудан бас тартты. Бұл туралы AS басылымы хабарлады.

Мамыр айында құрлықтық бәсеке Аргентинадан Бразилияға ауыстырылған еді. Жарыс 13 маусым мен 10 шілде арасында өтеді деп жоспарланған.

Бразилия құрамасының ойыншылары жарыстың өтетін орнының ауысуы жайлы хабарсыз болғанына қапалы. Олар БАҚ-тан Америка Кубогының Бразилияда өтетінін естіген соң жергілікті футбол федерациясының басшылығымен сөйлескен.

Осыдан кейін футболшылар Бразилияда өтетін Америка Кубогына қатыспау туралы шешім қабылдаған. Мұны бас бапкер Тите де растады.