Екінші орта салмақта WBO тұжырымы бойынша бұрынғы әлем чемпионы ұлыбританиялық Билли Джо Сондерс (30-1, 14 KO) мексикалық Сауль Альварестен жеңілгеннен кейін жағдайын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі boxingnews24.com сайтына сілтеме жасап.

«Қолдауларыңызға рақмет, көз ұяшығы және жағым үш жерден сынған. Ота жексенбіде өтті, қазір жағдайым жақсы.

Кейде жеңесің, кейде жеңілесің. Мен өзімді басқа лигада жүргендей сезінбедім, бірақ маған керемет соққы жасалды, кейін мен ештеңе көрмедім. Жекпе-жекті көргендердің бәріне рақмет. Мен ораламын», - деді британ боксшысы әлеуметтік желіде.

Еске салайық, «Канело» – Сондерс жекпе-жегінде ұлыбританиялық боксшының бұрышы сегізінші раундтан кейін ақ орамал тастаған болатын.