Омбылық қазақ Ілияс Хамзин (7-2) RCC 9 турнирінде сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Екатеринбургте өткен жекпе-жек кешінде 29 жастағы файтер бразилиялық Джуниор Маркеспен (10-1) кездесті.

Жартылай орта салмақтағы (77 кг) айқас жоспарланған үш раундқа созылып, төрешілер шешімімен Хамзиннің пайдасына аяқталды. Ілияс үшін бұл мансабындағы 7-ші жеңісі болды. 27 жастағы бразилиялыққа келетін болсақ, Маркес екінші жеңілісіне ұшырады.

Хамзин алғаш MMA алаңына 2018 жылдың қыркүйегінде шықты. Соңғы екі жарым жыл ішінде файтер 6 рет ұтып, екі рет жеңілді. Соңғы рет Ілияс сегізбұрышқа осы жылдың ақпан айында шығып, Борис Медведевтен техникалық нокаутпен ұтылып қалған еді.