Кәсіпқой бокстың отаны АҚШ-та өнер көрсетіп жүрген қазақстандық боксшылар аз емес. Бірақ соңғы бірнеше ай біздің жігіттер сәтсіз болды. Мадияр Әшкеев (14-1, 7 КО), Али Ахмедов (16-1, 12 КО), Бобиржан Моминов (12-1, 8 КО) сынды жеңілмеген жерлестеріміз, алғашқ рет сәтсіздікке ұышырады.

Prosports.kz тілшісі ұзақ уақыт бойы Канадада жүрген, жеңілмеген боксшы Абылайхан Құсайыновқа (11-0, 8 КО) хабарласып, спортшының АҚШ-тағы жаттығуы жайлы сұрады.

- Абылайхан, АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыныңыз қалай өтіп жатыр?

- Дайындық жүріп жатыр, күн сайын жаттығу өткіземіз.

- Жаттығуды қай залда, кімнің жетекшілігімен өткізіп жатсыз?

- Батырмен (Жүкембаев. Prosports.kz) бірге әйгілі жаттықтырушы Мануэль Роблестің жетекшілігімен жаттығып жатырмын.

- Біздің білуімізше, сіз үш айдай АҚШ-та жүрсіз. Промоутер та алдыңыз ба?

- Біз жекпе-жек қарстырып жатырмыз. Қазір промоутер табу қиын.

- Жеңіліп көрмеген боксшыға да промоутер табылмай ма?

- Қазір промоутерлер бұрынғыдай көп боксшымен келісім жасамайды. Қайта өз боксшыларына барынша көп жекпе-жек ұйымдастыруға тырысады.

- 29 мамырда Батыр Жүкембаев пуэрто-риколық Сабриэль Матиаспен жұдырықтасады. Сіздің ойыңызша, отандасымызды қаншалықты күрделі кездесу күтіп тұр?

- Батыр үшін бұл мансабындағы өте қиын жекпе-жек, қарсыласы да мықты. Құдай қаласа, оны жеңіп, чемпиондық белбеуге жақындай түседі. Бірнеше жекпе-жектен кейін біздің елден келесі әлем Чемпионы шығады деп сенемін.

- Жақында Бобиржан Момынов кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Момынов Анхел Руиспен жекпе-жектің фавориті болған еді, ол не үшін мұндай сәтсіздікке ұшырады деп ойлайсыз?

- Бобиржанның жекпе-жегін тікелей эфирде тамашаладық. Ұпай саны бойынша ол жеңіске жетті, бірақ ескерту мен нокдаун жекпе-жектің нәтижесін басқаша шешті. Бұл бокс, мұнда бір соққы бәрін өзгерте алады. Бірақ Бобиржанның бұдан да мықты болып оралып, әлі-ақ чемпион болады деп сенеміз.