Бір күн бұрын Суперлига құрғанын жариялаған Еуропаның 12 үздік клубы ұйымдардың жаңа турнирге кедергі келтірмеуі үшін заңды талаптарын дайындайтыны туралы УЕФА мен ФИФА-ны хабардар етті, деп жазады Prosports.kz.

Бұл туралы Associated Press хабарлады.

Ағылшын, итальян және испан клубтары ФИФА президенті Джанни Инфантино мен УЕФА президенті Александр Чеферинге жолдаған ашық хатында лиганы қолдау мақсатында 4 миллиард еуро көлемінде қаржы қарастырылғанын мәлімдеді.

«Сіздердің ресми мәлімдемеңіз бізді қорғану шараларын қолдануға мәжбүр етеді. Өйткені бұл біздің қаржылық міндеттемелерімізге қауіп төндірумен қатар, заңсыз әрекет саналады. Сол себепті SLCo (Super League Company) тиісті орындарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес бәсекелестіктің кедергісіз ұйымдастырылуы және өткізілуін қамтамасыз ету туралы өтінішхат берді», - делінген хатта.

Естеріңізге сала кетейік, еуропалық 12 топ-клуб - «Милан», «Арсенал», «Атлетико», «Челси», «Барселона», «Интер», «Ювентус», «Ливерпуль», «Манчестер Сити», «Манчестер Юнайтед», мадридтік «Реал» мен «Тоттенхэм» Суперлигаға қатысатынын хабарлады.