Александр Гливинский Prosports.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында Украина мен Қазақстан құрамалары арасындағы іріктеу матчына дайындық туралы айтты.

- Александр, Қазақстан - Украина матчты «Олимпийский» стадионында өтетін болып нақты шешілді ғой?

- Кеше «Олимпийскийде», Киев уақытымен сағат 19:30-да (Нұр-Сұлтан уақытымен 22:30-да - Prosports.kz ескертпесі) Қазақстан ұлттық құрамасының матч алдындағы жоспарланған ресми жаттығуы өтті. Қазақстан құрамасынан басқа өтініш түскен жоқ. Ойын бүгін кеште астанамыздағы негізгі стадионда өтеді.

- Украина жағы қазақстандық делегацияға коронавирусқа қосымша тестілеуді талап етті ме?

- Украина футбол қауымдастығы Қазақстан делегациясынан қосымша ПТР тестілеуін талап етпеді. Қазақстан ойынға 3 күн қалғанда сынақ өткізген екен. Коронавирус жұқтырған адамдар бар көрінеді. Қазақстан делегациясының өзі кеше таңертең Киевте қосымша сынақ өткізуге шешім қабылдады. Тест нәтижелері туралы Қазақстанның өзі хабар беретіні анық.

- Футбол туралы айтсақ. Украина ең мықты құрамын шығара ма?

- Андрей Шевченко ойыншыларының ішіндегі ең мықтылары матчқа қатысады. Команда сақадай сай.

- Украина құрамасының қазіргі көңіл-күйі қалай?

- Қалай айтсам екен... Парижде Франциямен тең ойнадық (1:1) Бұл - үлкен жетістік екеніне ешкім шүбә келтірмес. Әлем чемпионына қарсы ойында бір ұпай алдық. Ал, Финляндиямен тең түскеніміз (1:1) - футболшылардың еңсесін түсірді. Жеңісімен қатар, футболда сәтсіздік те қатар жүреді. Команда «сен тұр, мен атайын» деп тұр. Қазақстанмен матчта максималды нәтиже көрсеткіміз келеді.

- Максималды нәтиже - қарапайым ұту ма, әлде ірі есеппен жеңіс пе? Өйткені, топтың барлық фавориттері тең ойнап жатса, жарыс соңында ұпайлары да тең болып қалуы мүмкін. Сонда доп айырмасына жүгінетін кез келіп қалса...

- Біз кез-келген қарсыласты құрметтейміз. Жеңіске жету маңызды, ал қанша доп айырмасымен ұту ол - екінші мәселе. Ең бастысы - қоржынды үш ұпаймен толтыру. Қазақстан - мықты қарсылас, кез-келген командаға қиындық туғызуға қабілетті команда. Бізді қиын матч күтіп тұр.

Украина - Қазақстан матчының тікелей трансляциясы

Видео. Қазақстан құрамасы Киевте жаттығу өткізді