Қақпашы Александр Мокин Қазақстан құрамасының сапына қайта оралды және қазірдің өзінде командамен бірге жаттығуға белсенді кірісіп кетті, деп хабарлайды Prosports.kz ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Бұған дейін БАҚ отбасындағы жағдай ең тәжірибелі қақпашыны ұлттық құрамадан кетуге мәжбүр етті деп жазған болатын. Ұлттық құраманың бірінші нөмірі Стас Покатиловтың еншісінде қалуы керек еді.

Бірақ, біздің басылымға белгілі болғандай, Мокин командаға оралып, екі жақты жаттығу матчына қатысқан. Әлем кубогы үшін Франциямен өтетін матчта бапкерлер штабы сенім артса 39 жастағы қақпашыны Гризманн, Мбаппе секілді әлем футболының жұлдыздарына қарсы ойында көруіміз мүмкін.

Мокин соңғы рет Ұлттық құрама сапында 2014 жылы Түркияға (1:3) қарсы матчта қақпа күзетті.

Естеріңізге сала кетейік, француздармен кездесу 28 наурызда елорда уақытымен 19:00-де «Астана Аренада» өтеді.