Бұл күндері бокстан Қазақстан командасы Кубаның Гавана қаласында бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев Olympic.kz сайтына арнайы сұхбат беріп, Бостандық аралындағы дайындық кезеңіне тоқталды, сондай-ақ, спортшылардың алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Халықаралық күнтізбе бойынша қаңтар айында қандай да бір ресми жарыс жоқ. Сол себепті, бірлескен жаттығу жиынын өткізу үшін команданың екі құрамын Кубаға алып келдік. Негізінен, ірі турнирлердің барлығы да ақпан-наурыз айларында басталады. Сондықтан, Кубаға келгеніміз өте дұрыс шешім болды деп ойлаймын.

Мұнда карантин күшейтілгеніне қарамастан, бізді жақсы қарсы алды. Өте пайдалы жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Біз екі құраммен барсақ, кубалықтар үш құрам шығарды. Жиын екі жақ үшін де тиімді екенін айту керек. Залда, көшеде, жағажайда дайындалып, спаррингтік жекпе-жектер өткіздік. Алда әлі екі матчтық кездесуіміз бар. Қаланы аралап, экскурсия жасап та үлгерді. Осы орайда, жаттығу жиынын ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін.

Токио Олимпиадасына дейін біздің құрама тынбай еңбектенеді. Елге оралған соң Алматы қаласында Өзбекстан командасымен бірлескен жаттығу жиыны өтеді. Бұл жиынға Англия құрамасы да келуі тиіс еді. Алайда, карантинге байланысты бас тартты. Содан соң, ұлттық құраманың барлық деңгейдегі боксшыларын Венгрия, Болгария, Германия, Түркияда өтетін халықаралық турнирлерге жібереміз. Мұндай жарыстар бізге ауадай қажет, себебі, Олимпиада қарсаңында біз мықтылармен бірге дайындалып, үздіктермен қолғап түйістіруіміз қажет.

Ресей құрамасымен бірлескен жаттығу жиынын өткізуді де көздеп отырмыз. Қорыта айтқанда, Олимпиада ойындарына жаттығу толыққанды жүріп жатыр. Команданың екінші бөлігі – Василий Левит, Қамшыбек Қоңқабаев, Бекзад Нұрдәулетов, Зәкір Сафиуллиндер АҚШ-тың Майами қаласында дайындалуда. Ол жақтағы жаттығуға жасалған жағдайдың да жоғары екенін ұмытпау керек.

Ұлттық құраманың екінші және үшінші нөмірлі боксшылары Алматыдағы «Ақ Бұлақ» олимпиадалық базасында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Біз оларды да үнемі назарда ұстауымыз қажет. Өйткені, келесі Олимпиадада бақ сынайтын ізбасар боксшыларымыз солар. Олар біздің бірінші нөмірлі спортшыларымызға үлкен бәсекелестік тудырады, аға буыннан көп нәрсені үйренеді. Ал бәсекелестік артса, нәтиже де жоғарылай түседі», - дейді бас бапкер.