Бұрынғы ONE FC чемпионы, қазақстандық файтер Қайрат Ахметов (23-2) бүгін октагонға оралады, деп жазады Prosports.kz.

Назарларыңызға жерлесіміз жекпе-жек өткізетін кештің тікелей трансляциясын ұсынамыз.

33 жастағы Ахметов бүгін, 25 желтоқсанда Сингапурде өтетін ONE: Collision Course II турнирінде өнер көрсетеді. Қарсыласы кореялық тәжірибелі файтер - Дэ Хван Ким (15-6). Бұл жекпе-жек кештің негізгі кездесуі саналады.

Кештің алғашқы карды Нұр-Сұлтан уақытымен 18:30-да басталады, ал Қайрат Ахметовтың жекпе-жегі шамамен 21:00-де басталады.

Айта кетерлігі, Қайраттың қарсыласы да 33 жаста. Ким MMA-дағы дебютін 2008 жылдың қарашасында өткізіп, 2013 жылы ONE FC-мен келісімшартқа отырған. Соңғы рет ол октагонға өткен жылдың қазан айында шығып, Юя Вакамацудан жеңіліп қалды.

Ал Ахметов сегізбұрышта соңғы рет былтыр наурыз айында өнер көрсетті. Ол ONE Гран-придің ширек финалында жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алған, бірақ қолынан алған жарақатына байланысты жарысқа қатыса алмады. Ұзақ қалпына келтіру үдерісінен кейін қазақстандық спортшы октагонға қайта оралғалы отыр.

Бұған дейін Қайрат 4 желтоқсанда Сингапурда өтетін ONE Big Bang турнирінде өнер көрсетеді деп жоспарланған, қарсыласы филиппиндік Дэнни Кингад (14-2) болуы керек еді. Бірақ кешке бір апта қалғанда Кингадтың командасы турнирден шығарылды, өйткені жекпе-жек секундтарының бірінің COVID-19-ға тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткен.