Ақтауда дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметов ел біріншілігі туралы ойын айтып, талантты жастардың өсіп келе жатқанын тілге тиек етті.

«Қазақстан чемпионатына қатысып, күреспесем де, балуандардың белдесуін бақылап отырдым. Біздің артымыздан осындай талантты әрі батыр спортшылардың өсіп келе жатқанына қарап сүйсінесің. Осы уақытқа дейін жеңіл салмақта бәсекелестік жоғары болып, әр белдесу тартысты өтетін. Биыл барлық салмақта кіл мықтылар жиналып, ауыр салмақта да күресін қыздырған балуандар көп болды.

Әр салмақта лидерлермен қатар оларға бәсекелес болатын жастар табылды. Тіпті, жас дзюдошылар тәжірибелі татами шеберлерінің жауырындарын татамиге тигізіп, топ жарып кеткені болды. Спортшыларымыздың шеберлігін шыңдап, осындай күнде күресіп, өздерін шыңдауға мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», -деп, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметов жарыс туралы пікір білдірді.