23 қараша күні Ақтөбеде жүзуден Қазақстан чемпионаты басталды. Біріншілікте еліміздің 14 өңірінен 16 команда қатысуда деп жазады Prosports.kz ҰОК сайтына сілтеме жасап.

«Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мақсатында турнир көрерменсіз өтіп жатыр. 23-27 қараша аралығында әйелдер арасындағы жеңімпаздар анықталды. Енді 27-29 қарашада ерлер сынға түседі. Қатысушылардың барлығы коронавирусқа арнайы тест тапсырып, бәрінің сынамасы теріс нәтиже көрсеткен. Бұл чемпионат қазақстандық спортшылар үшін 2020 жылдағы соңғы жарыс болмақ. Елдегі және әлемдегі ахуалға байланысты бұдан былай турнирлер өткізілмейді», - дейді су спорты түрлері Федерациясының бас хатшысы Сергей Дроздов.

Бүгін Қазақстан командасының үздігі, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин жарысты бастайды. Сондай-ақ, Азия ойындарының жүлдегерлері Әділбек Мусин, Александр Варакин мен Әділ Қасқабай да қатарда.