ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова спортшылардың шетелге шығуына тыйым салу ережелерін түсіндірді, деп жазады Prosports.kz.

Министрдің айтуынша, комиссия бірқатар спортшыларға жеңілдік жасап, шетелге шығуға рұқсат берген.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Денсаулық сақтау министрлігі спортшыларға елден шығуға тыйым салынғанын мәлімдеді. Алайда, кейбір командаларға өзгеше қарауға тура келеді. Соның бірі - «Астана» баскетбол клубы.

«Ведомствоаралық комиссияның 13 қазандағы хаттамалық шешімі негізінде «Астана» президенттік баскетбол клубының мүшелеріне ВТБ Біріккен Лигасының чемпионатына қатысу үшін елден шығып, қайта оралуға рұқсат етіледі. Бұл шешім ВТБ Біріккен лигасының чемпионат матчтары кезінде санитарлық-эпидемиологиялық іс-шараларды өткізу тәртібін әзірлегенін ескере отырып қабылданды», - деді Ақтоты Райымқұлова ОКҚ-да өткен брифингте.

Шетелге шығуға рұқсат етілген спортшылар қатарында Қазақстанның футбол құрамалары да бар.

«Қазақстанның футболдан ұлттық құрамасы туралы: қазіргі уақытта УЕФА-да Қазақстанның үш ұлттық құрамасы ойнайды. Олар: Қазақстанның ұлттық құрамасы, 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы және Қазақстанның әйелдер құрамасы. Бүгінгі таңда аталған командалардың матчтарға қатысу кестесі жасалды. Сондай-ақ, УЕФА талаптарына сәйкес, Қазақстан құрамасы бірқатар жолдастық кездесулер өткізуі керек, әйтпесе регламентке сәйкес айтарлықтай шектеуге ұшырайды. Ведомствоаралық комиссия хаттамасының 20 шілдедегі шешіміне сәйкес, 2020 жылғы қыркүйектен желтоқсанға дейін УЕФА Ұлттар лигасының матчтарына қатысу үшін ұлттық, жастар және әйелдер құрамасына УЕФА-ның Ұлттық лигасында және жастар арасындағы Еуропа чемпионатына қатысу мақсатында елден кіріп, шығуға рұқсат етілген», - деді министр.

Бұдан бөлек, қазан айында астаналық «Барыс» хоккей клубы өз алаңында үш матч өткізсе, сыртта бір матч ойнайды. Оған да ведомствоаралық комиссияның рұқсаты бар.

Ақтоты Райымқұлова бұл ретте спортшылардың денсаулығына баса мән берілетінін жеткізді. Спортшылар шетелге шыққанда ПТР-тест тапсырады. Ал келгенде тағы бір сынама алынады. Барлық жарыс көрерменсіз өтеді.