UWW күрес түрлерінен биылғы әлем чемпионатын өткізуге құлшынып отыр. Дүниежүзілік ұйым жақында өткен онлайн отырыстан соң Сербиядағы әлем біріншілігін ұйымдастыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Prosports.kz.

Осыған орай, ҰОК сайты грек-рим күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Бақтияр Байсейітовтің пікірін білген болатын.

«Жақында Қазақстан командасы Щучинск қаласында оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Балуандар отыз күннен аса жиында болып, алдымен физикалық дайындығын жетілдірсе, кейін кілемде спаррингтік кездесулер өткізді. Барлығы да бабында. UWW шешіміне келер болсам, біздің команданың бұл додаға бару-бармауы белгісіз. Барлығын елдегі құзырлы органдар шешеді. Егер әлем чемпионатына қатысуға рұқсат берсе, бізге үлкен қуаныш болары сөзсіз. Өйткені, балуандар бірнеше айдан бері жарысқа барған жоқ. Осынша үзілістен соң әлем біріншілігіне қатысатын болсақ, жоғары орындарға таласатынымыз сөзсіз. Оған дейін елде Қазақстан чемпионатын өткізуге рұқсат берді. Егер Сербияға аттанатын болсақ, ұлттық біріншілікте топ жарған балуандарды да әлем біріншілігіне апаратын ойымыз бар», - дейді Бақтияр Бағашарұлы.