Бокстан Қазақстан командасы Алматы облысында бір айға созылған оқу-жаттығу жиындарын аяқтады. Команда мүшесі, әлем чемпионатының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов үзілістен кейінгі жиынның қалай өткеніне тоқталды.

"Жаттығу жиындарының бір айға созылғаны біз үшін үлкен көмек болды. Себебі, карантин мерзімі ұзарған соң, залда, тауда жаттығатын кездерді сағынып қалған едік.

Үйде де дайындықты тоқтатпадым, бірақ, командаластармен, құрама бапкерлерінің көз алдында жүргеннің орны бөлек. Жиында толығымен спорттық бабымызға ендік деп айта аламын.

Соңғы бір апта бойы спаррингтік кездесулер өткіздік. Әрине, халықаралық жарыстардың тоқтап тұрғаны қынжылтады. Бірақ жақын арада бұл мәселе де шешіледі деген ойдамын", - дейді Сәкен.