Бүкіләлемдік таеквондо федерациясы (World Taekwondo) биыл өтуі тиіс Grand Slam және Гран-при турнирлерінің финалдық кезеңін келесі жылға ауыстырды. Осыған байланысты, команданың аға жаттықтырушысы Батырбек Есдәулетов Olympic.kz сайтына пікір білдірген болатын.

"Біз осындай жағдай боларын болжаған едік. Өйткені, індетке байланысты елдегі және әлемдегі жарыстар түгел тоқтатылды. Жыл соңына дейін ешқандай турнир болмайтыны анық. Ал Grand Slam және Гран-при турнирлерінің келесі жылы қай уақытта өтетіні де белгісіз. Себебі, алдағы маусымда бізді өте көп жарыс күтуде.

Биылғы Азия чемпионаты 2021 жылғы лицензиялық турнирмен біріктірілуі мүмкін. Одан бөлек, жоспар бойынша әлем чемпионаты, Олимпиада ойындары ұйымдастырылады. Демек, алдағы жыл аса тартысты болмақ.

Әрине, қазір жарыстың жоқтығы қынжылтады. Бірақ бұл біздің ғана емес, барша спортшылардың басындағы жағдай. Ең бастысы - дайындықты тоқтатпаймыз", - дейді Есдәулетов.