Ауыр атлетикадан Қазақстан командасы Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Игорь Сон команданың карантиннен кейінгі алғашқы басқосуына баға берді.

«Қазір жиын бірқалыпты өтуде, барлығы ойдағыдай. Жаттығу жоспары өте жақсы ойластырылған. Демалысқа да, қалыпқа келуге де уақыт бар. Карантин кезінде өзімнің дайындық режимім болған соң, жаттығу жиынына оңай кірісіп кеттім.

Аптасына алты рет Үштөбеге жаттығуға бардым. Сондықтан, бос отырдым деп айта алмаймын. Әзірге, алдағы жарыстар туралы анық ақпарат жоқ. Жақын арада бәрі қалпына келіп, жарысқа қатысамыз деген ойдамын», - дейді спортшы.