ҰОҚ оқырманарды Олимпиадалық спорт түрімен таныстыруды жалғастырады. #TeamKZSports айдарының бүгінгі кейіпкері жеңіл атлетикадан еліміздің бетке ұстары - Айман Ратова. Токио Олимпиадасының жолдама иегері Айман Қазақстандағы спорттық жүріс туралы сөз қозғап, тәжірибесімен бөліседі.
Мені 11 жасымда спортқа әкем әкелді. Біз отбасымызбен спорттық отбасы болып саналамыз. Әкем - самбодан Алматы облысы құрамасының аға жаттықтырушысы, анам - жеңіл атлетика саласында қызмет атқарады. Кішкентай кезімізде әкем Талдықорғанға Алматыдан жүзу үйірмесіне жақсы жаттықтырушы келді дегенді естіп, сыңарым әпкем Шолпан екеумізді жүзу үйірмесіне әкелді. Маған жүзу әлі күнге дейін қатты ұнайды. 14 жасыма дейін жүзумен шұғылданып, спорт шеберлігіне үміткер болдым. Бірақ жол апатына түскеннен кейін спортты қоюға тура келді. Ұзақ үзілістен кейін аяққа тұрып, жеңіл атлетикамен таныстым. Спорттың бұл түрімен шұғылдануыма ағам себепші болды. Талдықорғанға жеңіл атлетикадан жаттықтырушы болып келді де, әпкем екеумізді шақырды. Әпкем менен жарты жыл бұрын жаттығуға кірісіп кетті де, мен кейін қосылдым.
Неге дәл осы спорт түрін таңдадың дейсіз ғой? Себебі, анам жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде осы спорт түрімен шұғылданған. Тіпті, норматив орындап, спорт шеберлігі атағын да қорғаған. Бір жағынан спорттық отбасы болғандықтан спорт біздің өмір сүру стилімізге айналып үлгерді де, бас тарту мүмкін болмады. Үйде басымыз қосылса бәріміз бірге отырып спортты талқылаймыз. Жоғарыда айтқанымдай, спорт біздің таңдауымыз емес, спорт – біздің өмір сүру стиліміз.
Соңғы жылдары жеңіл атлетика біраз ереже өзгеріп, нормативтерге өзгеріс енгізілді.Нәтижесінде, Олимпиадаға жолдама алу да қиындай түсті. Мәселен, 20 км қашықтықты Лондон Олимпиадасына бару үшін 1:33:30 уақытта бағындыру керек болса, Рио Олимпиадасының нормативі 1:36:00 болды. Сондықтан да, Рио Олимпиадасына жеңіл атлетикадан жолдама көп болды. Ал биыл Токио Олимпиадасына мүлдем уақытты қысқартты да, тиісінше, спортшылар да жолдама алуда қиналуда. Қазіргі норматив - 1:31:00. Бүгінде норматив орындай алмаған спортшылар, әлемдік рейтингтегі ұпай сандары бойынша жолдама үлестіріледі.
Олимпиадаға лицензия ұтып алған кезде, сағатымды тоқтаттым да, жыладым. Өйткені ол кезде маған ешкім сенген жоқ еді.
Ұсынамыз
Комментарии