Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Ыстанбұл WTA турнирінде бақ сынайды.

Әлемнің 69-ракеткасы З.Дияс алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 106-орында тұрған Беларусь өкілі Александра Сасновичпен шеберлік байқасады.

Рейтингісі төмен болғанымен, А.Саснович оңай шағылатын жаңғақ емес. Ол US Open турнирінің үшінші айналымына дейін жетіп, онда 4 қыркүйек күні тағы бір қазақстандық, әлемнің 35-ракеткасы Юлия Путинцеваға 6:3, 2:6, 1:6 есебімен есе жіберді. Енді араға төрт күн салып, 8 қыркүйекте З.Дияспен кортқа шыққалы отыр.

Қазіргі кезде іріктеу сайыстары өтіп жатқан Ыстанбұл жарысы (жүлде қоры 251 750 АҚШ доллары) 13 қыркүйекте мәреге жетеді.