Қазақ футболының ардагері Сейілда Байшақов 70 жасқа толды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Тараз футболының түлегі жасыл алаңдағы танымал футболшы ғұмырын «Қайрат» қатарында өткізді. Алматылық клубқа келмес бұрын, Байшақов Жамбыл облысындағы «Энергетик» командасында үш жыл доп тепкен.

1971 жылы «Қайратта» өткізген алғашқы жылы-ақ командамен бірге Теміржолшылардың халықаралық спорт одағының кубогын жеңіп алды.

1974 жылы, небәрі 24 жасында «Қайрат» капитаны атанды. 1977 жылы КСРО құрамасы сапына шақырту алды. 15 мемлекеттен құралған алып державаның қатарында ресми матчтарда бақ сынаған жалғыз қазақ футболшысы. Байшақов 1978 жылы өткен әлем чемпионатына іріктеу аясында Венгрия және Грекия құрамаларына қарсы ойында алаңға шығып, 90 минут бойы командасы намысын қорғады.

Байшақов өзінің ойын мансабын қазіргі уақытпен салыстырғанда 31 жасында ерте аяқтады. Келесі маусымда ол ресми түрде «Қайраттың» жаттықтырушылар құрамына кірді.

Байшақов әр жылдары Йозеф Бета, Леонид Остроушко және Тимур Сегізбаев сияқты мамандарға сәтті көмек көрсетті. Сегізбаев-Байшақов дуэтінің баптауымен «Қайрат» командасы КСРО чемпионатында ең үлкен жетістікке жетті - 1987 жылғы чемпионатта жетінші орын алды.

1998 жылдан 2001 жылға дейін Байшақов Қазақстан Республикасының футзал қауымдастығын басқарды, оның басшылығымен 2000 жылы Гватемаладағы ұлттық құрамамыз әлем чемпионатында дебют жасады.

Кейіннен Байшақов Қазақстан футбол федерациясында түрлі басшылық қызметтерде жұмыс істеді, ал 2016 жылдың қарашасынан 2018 жылдың ақпанына дейін ұйымның президенті қызметін де атқарды. Қазір Сейілда Икрамұлы ҚФФ президентінің кеңесшісі.

Prosports.kz ұжымы КСРО спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысын 70 жасымен шын жүректен құттықтайды!