Қазақстандық Ришат Хайбуллин спорттық құзға өрмелеуден Францияда өткен әлем кубогында 11-орын алды. Спортшының әкесі, альпинизмнен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ринат Хайбуллин ұлының дайындығы туралы айтты.

«Спорттық құзға өрмелеу спорты Олимпиадада «көпсайыстан» жүлде таратады. Мұның ішінде құзға өрмелеудің үш түрі енеді: «жылдамдық», «боулдеринг» және «қиындық». Ришат 2019 жылғы әлем чемпионатында «жылдамдық» пен «қиындықтан» жақсы нәтиже көрсетіп, қола жүлдемен қатар, Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. «Қиындық» пен «боулдеринг» бойынша Ришат әлемдік рейтингте 30-орыннан төмен тұрды. Сол себепті, жаттығу кезінде осыған күш салды.

Дайындық барысында әдеттегідей «классикалық» әдістерге жүгінгенбіз. Бірақ шетелдік тәжірибе мен әдістеме арқасында жаттығу барысы біраз өзгеріске ұшырады. Ришатқа дайындық кезінде көмектескен әлем үздіктерінің бірі Адам Ондраға алғыс айтамыз.

Франциядағы әлем кубогы Ришаттың дайындығы жақсы деңгейде екенін көрсетті. Іріктеу кезеңінде Адам Ондра, Александр Мегос пен Якоб Хуберттердің ізін ала бесінші нәтиже көрсетті. Жартылай финал алдында шектен тыс қобалжыған Ришат өзінің толық әлеуетін көрсете алмай, 11-орынмен аяқтады. Десе де, бұл спортшының Олимпиадаға дайындығы жаман еместігін көрсетеді», - дейді Ринат Хайбуллин.