«Астананың» Чемпиондар лигасы алғашқы іріктеу кезеңіндегі қарсыласы белгілі болды. Елордалық клуб еуросапарын беларусьтік «Динамо-Брест» клубына қарсы бастайды. Бұл қандай клуб? Prosports.kz тілшісі бресттік клуб туралы баяндайды.

Тоқырау алдында тұрған

«Динамо-Брест» 1960 жылы құрылған. Алғашқы атауы - «Спартак». Бұл атаумен клуб 12 жыл бойы ойнайды. Кейін үш жыл «Буг» деген атаумен өнер көрсетеді. 1976 жылы клубтың атауы «Динамо» деп өзгертіледі. Мұндай атаумен бресттік клуб 36 жыл бойы ойнаған. 2012 жылдан бері ресми атауы - «Динамо-Брест».

КСРО кезінде беларусьтік клуб үлкен жетістіктерімен мақтана алмады. Команда төрт маусым ғана КСРО Бірінші лигасында ойнаған. Ал қалған уақытта екінші лигада бақ сынасқан.

Клубтың екінші лигада да ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі жоқ. Тек 1968 жылы үшінші орын, 1976 жылы екінші орын алған. КСРО кубогында да жетістігі мәз емес, ең ұзаққа барғаны - 1/16 финал.

Беларусь тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы ішкі чемпионатта «Динамо-Брест» қола жүлдеге қол жеткізген. Содан бері тұрақты түрде жоғары лигада ойнап жүргенімен, нәтижелері көңіл көншітпеген. 2016 жылға дейін ең үздік нәтижесі - 5-орын.