«Баласы атқа мінсе, анасы үйде отырып тақымын қысады». Қазақтың осы мақалы баласын спортқа баулып, олардың әр жарыстағы аяқ алысына бір алаң, бір үмітпен қарайтын барлық анаға арналғандай. Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында атой салып, елдік сынға түскенде намысты қолдан бермеген қыз-жігіттердің ең үлкен тілекшісі де, ең үлкен жанкүйері де – Анасы. Олар - чемпион тәрбиелеген жандар, олар – дүниеге батыр әкелген аяулылар. Olympic.kz еліміздегі ең үздік спортшылардың анасын халыққа таныстыруды бастайды. Алғашқы кейіпкеріміз – грек-рим күресінен Қазақстан командасының капитаны, төрт бірдей әлем чемпионатының жүлдегері Алмат Кебіспаевтың анасы Майра Кебіспаева.

«Алғаш рет фортепианодан концерт берді»

- Алматтың бала күні спорттан бұрын, өнермен тығыз байланысты болды. Кішкентайынан ән салды, музыка мектебінің озат оқушысына айналды. Біздің Үржар ауданында әлі күнге дейін өткізілетін «Жауқазын» атты ән байқауы бар. Алматтың ән әлеміндегі жетістігі осыдан басталған. Тіпті, Молдова, Ресей елдеріндегі халықаралық ән сайыстарына қатысты. Осы талабына қарап, Алматтан елге танымал әнші шығар деп бағамдадық. Кейін фортепиано класына да қатысып, осы музыкалық аспаптан өзінің алғашқы концертін де берген болатын. Өзім аудандағы мәдениет саласында қызмет еткендіктен, ұлымның өнерге жақындығы таңсық нәрсе емес. Әнге қабілеті жақсы болғандықтан, бір жылда екі класты тәмәмдап жүрді. Бірақ Алматтың тағдырына әннен гөрі, күрес жақын екен. Музыка мектебіне қарама-қарсы спорт мектебі орналасқан еді. Кейін аңсары күреске ауа бастады. Терезеден үнемі қарсы жаққа қарап, жаттығудан шыққан балаларды қарап отырады екен. Күреске ауысып кеткенін мен кештеу білдім. Әкесіне айтыпты. «Болам деген баланың, бетін қақпа, белін бу» дейді қазақ. Батамызды беріп, бетінен қақпадық.