Қазақта «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген сөз бар. Классикалық күрестен КСРО спорт шебері, Халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайыртай Оразалинов 1973 жылдан бері Жақсылық Үшкемпіровтың қасынан табылатын сенімді серігі әрі досы болған соң бірауыз сұхбат алғанды жөн көрдік.

- Қайыртай Малғаждарұлы, Жақсылық ағамен қай кезден таныс болдыңыздар?

- Жақаңмен 1973 жылы Семейдің мал дәрігерлік институты қабырғасында таныстық. Аталған оқу орны Зооветинститут атауымен танымал еді. Бір қызығы, жоғарғы оқу орны физкультура институттарынан артық болатын. Себебі классикалық күрес зор қарқынмен дамыды. Тіпті КСРО құрамасы да жаттығатын. Жақсылықты бірінші курс оқып жүргенде алғаш рет көрдім. Екеумізді Ром Хасанұлы Ильматов жаттықтырды.

- Жақсылық Әмірәліұлының алғашқы халықаралық жүлдесін қашан алғаны есіңізде бар ма?

- Қателеспесем, 1973 жылы Эстония астанасында КСРО чемпионаты өтті. Таллинде Жақсылықтың бағы жанды десем, артық айтқаным емес. Қола жүлдені қанжығасына салды. Өте сапалы күресті. Сол кезден бастап мен Жақаңды жақсы білемін. Екеуміз талай турнирге бірге дайындалдық, Кеңес одағы құрамасымен бірге жаттықтық. Оқу-жаттығу жиындарында спарринг-әріптес болып, халықаралық жарыстар мен КСРО халықтарының спартакиадасына бірге қатысып жүрдік. 1975 жылы Алматыда өткен Одақ халықтарының спартакиадасында 48 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль алды. Сол кезде мен оның қасында көмектескен едім. Одан кейін Мәскеу Олимпиадасында чемпион атанды. Араға бір жыл салып, Норвегия астанасы Ослода тағы топ жарды. Осының бәріне куә болдым.