Қазақстан командасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев Olympic.kz сайтына шағын сұхбат беріп, карантин мерзімін қалай тиімді өткізіп жатқанын айтты.

«Шыны керек, карантин мерзімінің ұзарып кеткені спортшыларға оңай емес. Үйден жаттығуды үзбесек те, оқу-жаттығу жиындарындағыдай болмайтыны анық. Бірақ бұл бәрімізге ортақ заң болған соң, бұдан аттап кетпейміз. Карантиннің де пайдалы тұстары бар. Отбасыма көбірек көңіл бөліп, ағылшын тілін үйренуге тырысып жатырмын.

Біз үнемі жаттығу жиындарында жүретіндіктен, жанұямыздың қасында көп бола бермейміз. Осы тұрғыда спортшыларға басымдық бұл. Сондай-ақ, өзімнің бұрынғы жекпе-жектерімді қайта қарап, басты қателіктеріме көңіл бөліп жатырмын.

Қарсыластарымды да зерттеу үстіндемін. Карантин әзірге осылай өтуде. Спортшы болған соң бәрібір жарысты, жаттығу жиынын сағынасың. Бәрі жақсы аяқталып, қатарға оралатынымызға сенімдімін», - дейді боксшы.