Мадридтік «Реалдың» қорғаушысы әрі капитаны Серхио Рамос кезекті голын соқты, деп хабарлайды Prosports.kz.

Испания Примерасының 30-турындағы «Реал Сосьедадқа» қарсы матчта Серхио пенальтиден гол соққан, бұл оның Ла Лигадағы 68-голы болды. Бұл чемпионаттағы сұрмерген қорғаушы саналған Рональд Куманнан бір голға көп.

Айта кетерлігі, Куман голының басым бөлігін пенальтиден соққан (46). Ал Рамос тек 12 голын он бір метрлік айып соққысынан салған.

Еске салайық, «Реал Сосьедадты» жеңгеннен кейін мадридтік клуб Испания чемпионатында «Барселонадан» озды.