52 келі салмақ дәрежесінде біраз уақыт ұлттық құраманың негізгі боксшысы болған Олжас Сәттібаев спорттағы мансабын аяқтағаннан кейінгі өмірі туралы, карантин кезінде не істеп жатқандаығын Prosports.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

- Бокстан кейнгі өмір қалай екен, қазір немен айналысасыз ?

- Боксты қойдым. 20 жыл өмірімді боксқа берген соң, боксты ұмытып, қалыпты өмір сүріп кете алмайсың. Қазіргі жағдайда нақты жұмысым жоқ. Карантиннен кейін жұмыс істеу ойымда бар.

- Карантиндегі уақытты қалай өткізіп жатырсыз ?

- Барлық уақытымды отбасыма арнап жатырмын. 5 баласы бар көпбалалы әке болып жүрген жайым бар. Боксты қойғалы бері бала-шағаның тәрбиесімен айналысып жүрмін. Әлемді дүркіретіп жатқан вирус кезінде, үйде отырмыз.

- Алдағы уақытқа қандай жоспарыңыз бар ?

- Спортты мүлде тастап кеттім деп айта алмаймын. Өзімнің біліп-көргенімді жастарға үйретсем деген ойым бар. Жұмыс орнын беріп жатса, жұмыс істеуге дайынмын. Жамбыл облысынан талай чемпиондар шыққан. Сондай ағаларының жолын жалғайтын жастарды шығаруға үлесімді қосқым келеді. Нақты бапкер болам деп те айта алмаймын. Бірақ спорт саласында қызмет жасауға ойым бар.

- Әуесқой бокстағы мансабыңызда бір қатты қуанған және өкінген сәтіңіз бар ма ?

- Бұл кетіп жатқан жалған өмір ғой. Мен үшін әрбір жеңісім жүрекке қуаныш ұялайтын сәт деп айта аламын. Әр спортшының арманы жеңіске жету. Олимп шыңын бағындыру қазақтарда кішкентай кезден басталатын арман десек болады. Олимпиада алтыны оңайлықпен келмейді. Қатты өкінген сәтім болды деп айта алмаймын. Спортқа арнаған әрбір сәтімді бағалаймын. Барлық сәттерді сағынышпен еске алып отырамын. Бүрынғы кездегідей үзбей жаттығу жасаудың өзі қазір арман ғой.