Ресейлік Владимир Капуловский «Алматы» хоккей клубы бас бапкері қызметінен кетті.

Команда басшылығы аталған маманмен келісімшартты ұзартудан бас тартты. Биыл «Алматы» еліміздің тұрақты біріншілігінде үшінші орын алды. Коронавирус дертіне байланысты плей-офф сатысындағы Петропавлдің «Құлагер» командасымен алғашқы кезеңді аяқтай алған жоқ.

Бұған дейін Владимир Капуловский елімізде Көкшетаудың «Арлан» клубына жетекшілік етті. Командамен елімізде чемпион атанып, құрлықтық кубокқа қол жеткізді. Сондай-ақ, ол құрлықтық хоккей лигасында Ресейдің «Авангард», «Спартак», «Атлант», Чехияның «Лев», Беларусьтің «Динамо» клубтарында бас бапкердің көмекшісі болды.