24 наурыз күні Токиодағы Олимпиада ойындары бір жылға кейінге шегерілді. Таеквондодан Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Батырбек Есдәулетовтың айтуынша, спорт әлеміндегі мұндай тарихи сәт спортшыларға оң әсерін тигізеді.

"Негізінде, әлемдегі жағдайды ескерсек, Олимпиада ойындарының кейінге шегерілетіні белгілі нәрсе еді. Қазіргі таңда лицензиялық турнирлерге қатысты ештеңе белгілі емес. Ойындар туралы бірнәрсе айтпас бұрын, жолдаманы жеңіп алу керек. Олимпиаданың шегерілуі спортшыларға кесірін емес, керісінше, пайдасын тигізуі мүмкін. Қосымша жоспар құрып, дайындықты күшейтеміз.

Карантин аяқталғаннан кейін олимпиада орталығының "Ақбұлақ" базасына жаттығу жиынына барамыз. Нақты жоспармен іске кірісу үшін бізге әуелі лицензиялық турнирдің қайда және қашан өтетінін анықтап алу керек", - дейді Батырбек Есдәулетов.