Коронавирус індетінің әлемге таралуы барша адамзат өміріне қауып төндірді. Сол себепті, COVID-19 вирусының алдын алу үшін Халықаралық Олимпиада комитеті Токио Олимпиадасын бір жылға кейін шегерсе, Қазақстан елде төтенше жағдай жариялап, карантин режимін енгізді. Ірі спорттық оқиғалар белгісіз уақытқа ауыстырылып, атлеттер үй жағдайында оқшаулануда. Спорттық гимнастикадан команда бас бапкері Александр Кимнің айтуынша, Олимпиаданың шегеру – ең тиімді шешімдердің бірі деп хабарлайды Prosports.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

«Бакудегі әлем кубогінің финалдық бәсекелері өткізілмей, тоқтатылған соң, қазақстандық гимнастар екі апталық карантин режиміне ауысты. Қазір барша халықпен бірге біз де үйде оқшауланып отырмыз. Әрине, бұл кезең гимнастар үшін өте қиын. Өйткені, қажетті форманы ұстап тұру үшін мүмкіншілік жоқ. Кәсіби гимнастарға бабынан таймау үшін гимнастика залында және гимнастика снарядтарында жаттығу керек. Басқа амал болмағандықтан, біздің спортшылар күнделікті жалпы физикалық жаттығумен шектелуде. Әзірге карантиннің қанша уақытқа созылатынын білмейміз. Спортшылар бір ай бойы гимнастика залында дайындалмауының салдарынан 3-4 айлық жаттығу уақытын жоғалтады. Біздің жаттығудан жырақтағанымызға екі апта болды. Демек, Олимпиада ойындарының өту мерзімін ауыстыру – ең дұрыс шешім. Біріншіден – қазіргідей індет кезінде спортшылардың денсаулығын сақтаймыз. Екіншіден, бұл өту мерзімі шегерілген лицензиялық әлем кубогі кезеңдеріне тиянақты дайындалу үшін берілген мүмкіндік. Үшіншіден – Олимпиадаға дейін тағы біраз дайындалудың сәті түсті. Карантин аяқталған соң, спорттық гимнастикадан Қазақстан командасы іріктеу жарыстарына қатысуды жалғастырады», - дейді бас бапкер.

Айта кетелік, ХОК және Жапония билігінің шешімімен, 2020 жылғы Токио Олимпиадасы 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында өтетін болды.