Футболдан Қазақстан чемпионатының екінші тур ойындары аяқталды. Әлемді дірілдетіп отырған аты шулы індеттің таралу қаупінен сақтану үшін біріншіліктегі барлық матчтар көрерменсіз өтті. Қазақ футболы мен лық толы стадион - үйлеспейтін ұғым белгілі, бірақ. Футболды жарытып-жарытпауы көрерменнің қолдауына байланысты емес бізде. Сондықтан, екінші тур да әдеттегі тур секілді өтті. Бірді-екілі тартысты матч өтті демесеңіз.

Соқыр жеребенің құдіретімен алғашқы екі турда ел чемпионы «Астана» өткен маусым қорытындысы бойынша Бірінші лигадан Премьер-лигаға ауысқан командалармен кездесті. Апта бұрын Алматыда «Қызылжарды» ойсырата ұтты. Кеше ақтаулық «Каспийге» қонаққа барды. Матчты көрмей, қорытынды есепке (2:3) ғана назар салған көрермен «Жас Қанат» стадионында тартысты ойын өтіпті деген ойға қалуы мүмкін. Алайда, ойын тағдырын Михал Билек командасы бірінші таймда шешіп қойған еді. Серб Марко Милошевич 25 минут ішінде өз қақпасынан үш доп алып шықты. Екінші таймда алаң қожайындары екі доп соқты. Бірақ, матч аяқталуына санаулы секундттар қалған кезде ғана ақтаулықтар есеп қысқарта алды.