Одақ тұсында «халық командасы» аталып кеткен «Қайрат» КСРО чемпионатында жүлде алмаса да, оңай шағыла қоятын жаңғақ емес еді. Әсіресе өзбектің «Пахтакоры», Киевтің «Динамосы», мәскеулік «Спартак» командалары Алматыда оңайлықпен жеңіске жете қоймайтын деп еске алады аға буын өкілдері.

Алматылықтар сапында әр жылдары Тимур Сегізбаев, Сергей Квочкин, Сейілда мен Сейітжан Байшақовтар, бертінде Евстахий Пехлеваниди, Вахид Масудов, Сергей Волгин сынды жұлдыздар кез келген қорғанысыңның көбесін сөгіп, кез келген шабуылшының сағын сындыратын деңгейде болатын.

«Қазақ футбол ойнай алмайды» деген таптаурын түсінік сол кездері өзекті тақырыптардың біріне айналды. Әсіресе «аға» ұлттар Орта Азия командаларын «қалпақпен қағуға» келетіні де өтірік емес.

Біздің тілге тиек еткіміз келіп отырғаны да осы бір түсінікті жоққа шығару еді. Мәселен, 1964 жылы адам сенгісіз оқиға болды. Мәскеуде! «Спартакқа» қарсы ойында қайраттықтардың 23 жастағы ойыншысы Тимур Сегізбаев қос голды қақырата соқты. Сол кезде «Тимур мен оның командасы» деген тақырыппен шыққан мақала аңызға бергісіз шындық болатын.

Ал 1985 жылы КСРО чемпионатының кезекті турында Алматының Орталық стадионында алаң иелері мен «Спартак» арасындағы матч 4:4 есебімен аяқталған-тұғын. Осы ойында Сергей Волгин Ренат Дасаев қорғаған қақпаны үш рет дәл көздеп, Кеңес Одағының футбол тарихынан ойып тұрып орын алды. Себебі Дасаевқа хет-трик жасаған футболшылардың саны үшеу ғана болатын, олар – Сергей Волгин, Александр Заваров және Олег Таран.

Енді міне, араға 34 жыл салып, «Спартак» қақпасына тағы бір қазақстандық футболшы екі рет гол соқты. «Ростов» сапында тер төгіп жүрген Қазақстан құрамасының ойыншысы Бактиер Зайнутдинов осы матчтағы үздік ойыншыда атанып үлгерді. Ресейлік БАҚ жарыса жазып жатқан жас талант кейбір басылымдардың нұсқасы бойынша Ресей Премьер-лигасының 19-турындағы үздік ойыншы атағына ие болуға жақын тұр.