28-29 қараша күндері Иран астанасы Тегеранда грек-рим күресінен әлем кубогі өтуі тиіс еді. Алайда, елдегі тұрақсыздыққа байланысты әлемдік турнир кейінге шегерілді.

Бүкіләлемдік күрес ұйымы (UWW) Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатынан соң алғашқы сегіздікке енген командалар арасында кубоктік дода өткізуді жоспарлаған болатын. Турнирге қатысушылар арасына әлем біріншілігін бесінші орынмен аяқтаған Қазақстан командасы да енді.

Алайда, бірнеше күннен бері Иранда жанармай бағасының өсуіне байланысты өтіп жатқан жаппай бас көтеруден соң халықаралық ұйым жарысты кейінге шегерді.

"Командалар мен атлеттер арасындағы жауапкершілікті сезіне отырып, елдегі жағдай тұрақталғанға дейін кубоктік доданы өткізуді кейінге қалдырдық", - делінген UWW сайтында.