Олимпиада маусымында барлық спорт түрлерінен лицензиялық жарыстар өтіп, төртжылдықтың басты додасына жолдамалар сарапқа салынуда. Осы орайда бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов Олимпиадаға жолдама алғысы келетінін айтты.

«Спортқа кішкентай кезімде әкем әкелді. Ең алғашқы жарысым да осы Ақтау қаласында болды. Қателеспесем, облыстық ашық турнир жеңімпазы болдым. Одан кейін республикалық, халықаралық жарыстарға шыға бастадым. Нақты кумирім жоқ.

Ресей жерінде өткен әлем біріншілігі менің ересектер арасындағы алғашқы чемпионатым еді. Дүниежүзілік біріншілікте кездескен қарсыластарымның бәрі мықты болды. Үлкен додаға ешкім жеңілемін деп келмейді ғой. Көздерінен «жеңімпаз боламын» деген көрініп тұрды. Жарысқа өте жақсы дайындықпен бардық. Біз әлем біріншілігіндегі алтынмен тоқтап қалмаймыз. Олимпиада ойындарына жолдама алып, көк туымызды Олимп төрінде көтерсем деген мақсатым бар», - дейді әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов.