"Астана" футбол клубының бас бапкері Роман Григорчук Еуропа Лигасының топтық кезеңі аясындағы "АЗ Алкмарға" қарсы кездесу алдында журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Prosports.kz, елордалық клубтың ресми сайтына сілтеме жасап.

— Біздің ендігі мақсатымыз - топтық кезеңде ұпай жинау. Ең алдымен өз алаңымызда тамаша футбол атмосферасын жасай алатын сүйікті жанкүйерлеріміздің алдында жақсы нәтижеге қол жеткізгіміз келеді. Команда физикалық тұрғыда аладағы кездесуге толықтай дайын. Біздегі бар қиындық команда құрамындағы ойыншылар санының аздығында. Біздің құрамда футболшылар көп болғанда, барлығы жеңілірек болар еді. Тағы не айтуға болады? АЗ командасы қазір өзінің нағыз бабында. Олар жолында тұрған барлық қарсыластарынан басым түсіп жатқандығы тағы бар. Сондықтан да оларға қарсы кездесу өзінше бір қызықты болмақ. Біз оларды тоқтатамыз деген сөзді айту дұрыс емес болар. Бірінші кезекте оларға қарсы тұрып, жеңіске жетуге тырысуымыз қажет. Бірақ ол оңай болмасы анық.

— Нидерландыдағы жеңілістен кейін, ертеңгі ойында қандай есеп сізді толық қанағаттандыруы мүмкін?

— Достар, Сіздер Нидерландыдағы ойын нәтижесіне көп назар саласыздар. Біріншіден, қазір футболда ондай нәтиже мүлде таңсық емес. Ағылшын Премьер-Лигасының командалары 9:0, 8:0 жеңіліп жатыр. Ондай ойын есебіне таңырқаудың қажеті шамалы. Әрине, команда 9:0 есебімен жеңілетін болса, оған барлығы баса назар аударары анық. Дегенмен, ондай ойын есебі жеткілікті деңгейде тіркеліп жатыр. Одан бөлек, біз "АЗ Алкмарға" қарсы кездесуде негізгі құраммен ойнадық дей алмаймын. Сондықтан, қандай да бір қарымта қайтаратын нақты көңіл-күй жоқ. Нидерландыда болған жағдайға, таң-тамаша қараудың реті жоқ. Мен оған сабырмен қараймын. Дәл қазір біз үшін топтағы ең үздік ойын өрнегін көрсетіп келе жатқан ұжымға қарсы кездесуде лайықты қарсылық көрсетіп, жеңіске жету өте маңызды.

— Шимунович "Тобылға" қарсы кездесуде жарақат алып, артынша алаңдағы орнын босатқан еді. Дәл қазіргі оның жағдайы қалай?

— Өкінішке қарай, біз Луканы маусым соңына дейін жоғалтып алдық. Қазіргі жағдайы аса мәз емес. Оның жарақатының қаншалықты ауыр екендігін нақты тексерістерден кейін ғана біле аламыз. Біз өте мықты ойыншыны жоғалтып алдық. Жарко мен Лука бізге дәл қазіргі сәтте өте қажет мықты орталық қорғаушылар. Алайда, олар ертеңгі кездесуде командаға көмектесе алмайды.

— Олай болса Юрий Логвиненко ертеңгі ойында өз позициясына оралады деген сөз ғой?

- Көреміз. Дәл қазір команда құрамында екі ғана орталық қорғаушы бар. Олар Юрий Логвиненко мен Евгений Постников.

— Чемпионаттағы жеңістен кейін ертеңгі ойынға команда эмоционалдық тұрғыда қаншалықты дайын?

— Мен командаға өз ойымды жеткізіп үлгердім. Қазір футболда жағдайға тура қарап, өзіңнің барыңды салу өте маңызды. Біз өз алдымызға жүктелген міндеттерді орындадық, ал Еуропа Лигасы аса маңызды емес деген болмайды. Ертең алаңға футбол ойнауға деген жігері тасып тұрған команданың шыққанын қалаймын. Бізді әрдайым қолдайтын жанкүйерлер алдында аянып қалуға болмайды.

— Рунар Сигурьонссон ертең алаңға шығуға дайын ба? Неліктен соңғы екі кездесуде Муртазаев алаңға шыққан жоқ?

— Рунар жарақатынан әлі толық жазылған жоқ. Ол ертең алаңға шықпайды. Ал Роман Муртазаев басқа ойыншылар сияқты кездесуге дайындалып жатыр.

— Команда өз алдына жүктеген барлық міндетті орындай алды ма? Енді Еуропа Лигасының ойындарында жеңіске жету қаншалықты маңызды?

— Біз Суперкубок пен Чемпионатта топ жарып, Еуропа Лигасының топтық кезеңіне жолдама алу арқылы өз алдымызға жүктелген барлық міндетті орындадық. Алайда, топтық кезеңде алдымызға ешқандай тапсырма жүктелген жоқ деп айтуға да болмайды. Еуропа Лигасы - өте қызықты, әрі бәсі жоғары турнир. Бұл бапкер үшін де, ойыншылар үшін де өте маңызды. Өткен "АЗ Алкмарға" қарсы кездесу алдында бізге таңдау жасауға тура келді. Біз барлық кезде өзіміздің ең жоғарғы деңгейімізді көрсеткіміз келеді. Ол үшін команда чемпионат басында толыққанды жасақталуы тиіс. Қазіргі сәттегідей 13-14 футболшы емес, бәсекеге қабілетті 18 ойыншы және бірнеше жас аяқдопшы қажет. Бұл жағдай бізге желтоқсан айында, қысқы оқу-жаттығу жиындары алдында жасалуы тиіс. Сол кезде ғана біздің топтық кезеңге түсіп, одан әрі өтетін мүмкіндігімізді жоғарылатады.