Еуропа лигасы топтық кезеңі аясында елордалық «Астана» нидерландылық «Аз Алкмаардан» тас-талқан болып ұтылды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Жексенбі күні алматылық «Қайратқа» қарсы қиын матч өткізген «Астана» командасы Еуропа лигасындағы ойында жартылай екінші құраммен алаң шықты. Роман Григорчук еурокубоктағы матчтардан гөрі, ішкі біріншіліктегі чемпиондық аса маңызды екенін айқын көрсетті.

Бірінші тайм кезінде негізгі қақпашы, әрі команда капитаны Ненад Эрич жарақат алып қалды. Одан кейін оң қаптал қорғанысында Антонио Рукавинаны алмастырған Абзал Бейсебеков те ойынды жалғастыра алмады.

«Астана» футболшылары алғашқы таймда өз қақпаларына екі доп, екінші таймда төрт доп өткізіп, «Аз Алкмаардың» талантты жас футболшыларынан ойсырай ұтылды. Ойында соғылған 6 голды да 24 жасқа толмаған футболшылар Эричті алмастырған, Александр Мокин қақпасына тоғытты.