Күні кеше еліміздің кинотеатрларында Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістігі туралы биографиялық фильм көрерменге жол тартты. Алматы қаласында өткен тұсаукесер рәсіміне спортшының ата-анасы мен бапкерлері, құрамадағы әріптестері келді.

Анықтама: Бекзат Саттарханов 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістанда дүниеге келген. Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алған. Бекзат 18 жасында жастар арасындағы Азия біріншілігінің және 1998 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Бір жылдан соң спортшы Орталық Азия чемпионатында күміс медаль алып, кейін Азия және Орталық Азия елдерінің жеңімпазы атанды. 2000 жылы Гран При Кубогының чемпионы болса, дәл сол жылы Сидней Олимпиадасында алтын медальға ие болып, жеңіс тұғырынан көрінді. Былғары қолғап шебері 2000 жылы 31 желтоқсанда жаңа жылға 15 минут қалғанда Шымкент қаласы маңындағы Темірлан бекетінде жол апатынан қаза тапты.

Фильм "Хабар" АҚ қолдауымен түсірілген. Кинотуындының режиссері – Мұрат Бидосов, ал басты рөлді Самат Әзімқұлов сомдады. Туындыда Бекзаттың Түркістанда өткізген балалық шағы, боксқа жасаған алғашқы қадамы және жеңіс тұғырына шыққан сәті бейнеленген. Мұрат Бидосовтың айтуынша, фильмді барынша шынайы етіп түсіруге тырысқан. Бекзаттың өмір жолын қайта көрсету үшін оның әке-шешесі, бапкерлері мен құрамадағы әріптестерінің естеліктерін пайдаланған.